Сәуір айында Қызылорда облысына Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мониторингтік тобының сапары аясында институт мамандары Қызылорда қаласының барлық қалалық емханаларына, Жалағаш және Қармақшы орталық аудандық ауруханаларына барды. Сондай-ақ, сертификат беріле отырып, артериялық гипертония бойынша оқыту семинары өткізілді, оған 50-ге жуық МСАК дәрігері қатысты.
Қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабеті бойынша 2025 жылғы 1 тоқсандағы скрининг қорытындыларына, артериялық гипертензиядан, ҚАЖА, жіті миокард инфарктінен, жедел ми қан айналымы бұзылуынан сырқаттанушылық пен өлім-жітім бойынша 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда талдау жүргізілді.
Мониторингтік топ жұмысының қорытындысы бойынша облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қатысуымен кеңес өткізілді, онда анықталған проблемалар бойынша халыққа көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді, олар:
- Жедел коронарлық синдром алгоритмі бойынша МСАК ұйымдарының ЖПД дәрігерлерін оқытуды ұйымдастыру;
- МСАК ұйымдарын және мамандарды қан айналымы жүйесінің аурулары кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмі бойынша аттестаттаудан өткізу;
- облыстық денсаулық сақтау мамандары МСАК ұйымдарының скринингтік тексерулерін орындау және денсаулық мектептерінің жұмысының сапасына мониторинг жүргізу;
- денсаулық мектептерінің жұмысын және қан айналымы жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұрған науқастарды динамикалық бақылау жөніндегі жұмысты күшейту және т. б.
Мониторингтік топ өз жұмысын Басқарма төрағасы бекіткен денсаулық сақтау саласындағы үйлестіру және әдістемелік басшылық жасау үшін КІАҒЗИ мамандарының өңірлерге шығу кестесіне сәйкес жалғастырады.